Жаңалықтар
  • Тіркелу

 

Бірлігіміз нығая берсін!

Қымбатты отандастар!

Қадірменді бауырлар!

 

             «Тілі бірдің тілегі бір, жүзі бірдің жүрегі бір» дегендей, 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнімен баршаңызды шын жүректен құттықтауға рұқсат етіңіздер!

             Өздеріңізге мәлім, Кеңес Одағы кезінде бұл күн Ынтымақ мерекесі ретінде аталып келген. Кейіннен кеңестік дәуір ыдырап, әрбір мемлекет өз тәуелсіздігін алғаннан соң бұл мерекенің мәні өзгерді. Бірқатар мемлекеттер бұл күнді мереке ретінде атауды да қойды.

             Бірақ, осы тұста Ұлтымыздың көшбасшысы, тұңғыш Президент Н. Ә. Назарбаев көрегендік танытып, Қазақ елінде ғасырлар бойы өмір сүріп келе жатқан 140-тан астам ұлттар мен ұлыстардың ынтымағына сызат түсірмей, олардың бірлігі мен достық қарым-қатынасын нығайта түсу үшін арнайы Жарлығын шығарып, бүкілхалықтық мерекелі күн етіп белгіледі.

             Биыл ерекше жыл. Еліміз тәуелсіздік алғанына 25 жыл толады. Осы кезең аралығында ата-бабаларымыз көксеген арман-мұратына жеттік. Барша қазақтың басы бірікті. Осылайша еншісі бөлінбеген бір тұтас бейбіт елге айналдық. Жердің киесі, елдің иесі екенімізді әлем елдеріне таныттық.

             Елімізде мекен еткен этнос өкілдерінің жауапкершілігін сезіндіріп, ұлыстың ұйытқысына айналдық. Биыл тұңғыш рет Алғыс күні аталып өтті. 1 наурыз - Алғыс күні деп белгіленуі тегін емес. Өйткені, тағдыр тәлкегіне түсіп, ел-жұртынан безініп, Қазақ елінен пана тауып, өніп-өсіп, ұрпақ өрбіткен түрлі этнос өкілдерінің бірлігі мен ынтымағы берік қазақ ұлтына деген шынай құрметі мен сыйластығынан туындаған мерейлі күн болды.

             Бұл, шынтуайтына келгенде, түрлі ұлт өкілдерінің бірін-бірі сыйлауы мен құрметтеуі, өзара қарым-қатынаста достық рәуіште тұрмыс кешуі, яғни, ұлттар бірлігіне қызмет етері сөзсіз.

             Оның нақты дәлелі, киелі де, қасиетті ауданымызда 16 ұлт пен ұлыстың өкілдері өзара ынтымақта ғұмыр кешіп келеді. Айта кетсем, Тұрбат ауылында тұратын тұрғындардың басым көпшілігі өзбек ұлтынан. Онда өзбек мәдени орталығы тұрақты жұмыс жасап, қазақ пен өзбек ұлтының өзара достық қарым-қатынастарын нығайта түсуге қызмет етіп келе жатқандығы көңілге қуаныш ұялатады.

Құрметті жерлестер!

              Біздің баршамыздың Отанымыз бір! Ол – Тәуелсіз Қазақстан! Ол біздің ең қымбат, ең асыл құндылығымыз! Дана халқымызда «Бірлігі жоқ ел тозады, бірлігі бар ел озар» деген ұлағатты сөз бар. Біз тыныштық арқылы тұрақтылыққа, татулық арқылы тұтастыққа қол жеткіздік. Бүгінгі ел бірлігі мерекесі күнімен қазығұрттықтарды шын пейілден құттықтап, баршаңызға бейбіт өмір, жанұяларыңызға бақ-береке тілейміз!

 

Т.Телғараев,

  аудан әкімі.