Аудан
  • Тіркелу

ЖАЛПЫ МӘЛІМЕТТЕР

 Қазығұрт ауданы - облыстың оңтүстік-шығысында орналасқан әкімшілік бөлік. Жерінің аумағы 4,1 мың км2.Тұрғыны 105,3 мың адам. Ауданда 61 елді мекен 13 ауыл округіне біріктірілген. Аудан орталығы - Қазығұрт ауылы.

 Қасиетті Қазығұрт тауы атымен аталатын ауданымыз 1928 жылы құрылған. Орталығы Тұрбат, Шарапхана, кейіннен Ленин (қазіргі Қазығұрт) селолары болған Аудан жерінің көп бөлігі теңіз деңгейінен 800-1200 м биікте орналасқан. Шығысында Қаржантау (2000-2800м), Өгем (3000-3600м) биік таулы жоталары, орталығында оңтүстік-батыстан солтүстік-шығысқа қарай Қазығұрт жотасы (800-1700м) созылып жатыр. Батысы, солтүстік-батыс бөлігі қырқалы жазық.

 Жер қойнауынан минералды су, ақ құм, қиыршық тас т.б. құрылыс материалдары барланған. Климаты континеттік, қысы жұмсақ, қысқы қаңтар айының орташа жылдық температурасы 22-25 С. Жауын-шашынның орташа жылдық мөлшері 300-400 мм, тауда 500-700 мм. Аудан жерінен Келес, Өгем, Қаржансай, Мұғалысай, т.б. өзендер ағып өтеді. Таулы өңірі мен өзен бойларында итмұрын, долана, тобылғы, жабайы алма, арша, шырша, т.б. өседі. Жануарлардан қасқыр, түлкі, таутеке, қоян, саршұнақ т.б. кездеседі.

 Халқының құрамы көп ұлтты, көпшілігі қазақтар (94928) одан басқа өзбек (5154адам), татар (237адам) т.б. ұлт өкілдері тұрады. Олардың орналасу тығыздығы орташа есеппен 1 ​​км 224,6 адамнан келеді. Көбіне тау бөктерлері, өзен аңғарлары, автомобиль жолдары бойында қоныстанған. Ірі елді мекендері: Қазығұрт, Қақпақ, Қаржан, Шарапхана, Рабат, Тұрбат, Қызылқия, Шарбұлақ т.б. Ауыл шаруашылығына жарамды жері 3940 мың гектар, 2935 агроқұрылымы бар.

 ТАРИХЫ

Ауданның мақтанышы - Қазығұрт тауы өзінің аңызға толы кереметімен тек қазақтың ғана емес, шығыс халықтарының, тіпті адамзаттың алтын бесігі деуге тұрарлық. Жер бетін топан су қаптағанда Нұх пайғамбардың кемесін әр елдер өзінің қасиетті тауларына, ал қазақтар Қазығұрт тауында қайырлатады. Қазығұрт туралы аңызда өмірге деген ынтықтық, адамзаттың шыққан түбі бір деп ынтымақ пен бірлікке шақыру басым. Қазығұрт асуынан табылған динозавр сүйегінің өзге де жаратылыстарды зерттеген дүние жүзі ғалымдарының пікіріне сүйенсек, Қазығұрт, Қаратау, Қаржан, Өгем таулары аралығында тіршілік ерте пайда болып, алғашқы адамзат баласы осы маңда тіршілік еткенін мақтанышпен айтуға болады. Асанқайғы бабамыз жырлағандай Қазығұрт Алланың мейірімі түсіп, шапағатын шашқан тау екен. Нұх пайғамбардың кемесі қалып, бар қасиет бойыңнан табылғандай тау екенсің ... Жемісі көп, жері көп, жер төресі мұнда екен, жігіті көп, ері көп, ел төресі мұнда екен,-деп сүйсінгендей тау.

 Наурыз біздің нағыз төл мерекеміз. Оған дәлел 1970-ші жылдары Мәскеудегі В.И.Ленин атындағы кітапханадан А.Байтұрсынов емлесімен жазылған Наурыз қолжазба жыры. Онда Нұқ пайғамбардың кемесі Қазығұртқа келіп тоқтаған мезгіл дәл күн мен түннің теңескен күні, осы күні үлкен той жасалған, сол ұлы мерекеге адам мен аң құс түгел қатысқан, Нұқ ғ.с. шашу шашқан. Адам да, аң да өз-өзінің өнерін көрсеткен. Сөйтіп, бұл жаңа жылдың басы ретінде мирас болған. Аңыздан қашанда ақиқат туындайды. Ғылыми деректерге сүйенсек осыдан біраз жыл бұрын орыс ғалымдары Топан су іздері деген зерттеу жүргізген. Сөйтіп Орта Азия өңірінен де, Қазығұрт маңынан да топан су өткені жайлы деректер тапқан. Сол ұлы оқиғаның болып өткеніне қазірге дейін 12670 жыл толғанын есептеп шығарған. Ең бұлтартпас дәлел Тәжікстанның 3 мың метрлік биік тауының басынан акуланың тасқа айналған сүйегі табылған. Бұдан шығатын қорытынды - Нұх пайғамбар бастаған топан судан аман қалғандардың Қазығұрт тауындағы тойы - Наурыз тойының басы делінеді. Наурыз мерекесі тойланғалы 127 ғасыр өтті деуге ғылыми негіз бар. Наурыз сөзі алғаш Нұх ғ.с. аузынан шыққаны күмәнсіз. Бұл парсылардың төл сөзі болғынымен бізге де етене сөз.

 Жазушы Сәуірбек Бақбергенов Басында Қазығұрттың ... атты еңбегінде аңыздағы Майқы би, Қорқыт Ата, Асан Қайғы, Аяз Би және Әбу-Насыр-Әл-Фараби сияқты ел қамын ойлаған, сол үшін бар саналы ғұмырын арнаған ардақты азаматтардың Қазығұртта тұрғанын немесе, ұзақ сапарға шығар алдында киелі тауға келіп, тәу етіп, бас игенін жазады. Тәуке хан мен Абылай хан да, Төле би, Қаз дауысты Қазыбек би, Әйтеке билер де Қазығұрттың бал ауасын жұтып, дәмін татып, талай аялдаған. Абылай хан осы тау айналасында соғысқан. Сол кезедгі оқиғаларға байланысты бүгінге дейін Қаралы төбе, Қаралықия, Хан-шейіт атайтын орындар куә. Алыстан қарағанда шөгіп жатқан қос өркешті түйені елестетін Қазығұрт тауының төбесі ойпаң, жазық. Ұзындығы 20, ені 10 шақырымдай, биіктігі теңіз деңгейінен 1768 метр. Онда Адам Ата шоқысы Пайғамбар тоқтаған Пайғамбардың саусағы Пайғамбар атының су ішкен жері Ғайып ерен, қырық шілтен сияқты аңыз жетегіндегі орындар бар.

 

 

Басты бет

Аудан

Билік

Мемлекеттік қызмет көрсету

Экономика

Сатып алулар

Қоғам

Жаңалықтар